Музыка әлемі – адамзат мәдениетінің байлығы ішіндегі мұхиттай шексіз, ғажайып дүние. Музыка да адамның асқақ, асыл ойлары, арман – мақсаты, ізгі тілектері, қуанышы, қайғы – қасіреті мен әр түрлі сезім иірімдері бейнеленеді. Музыканың адам жан-дүниесіне тигізетін әсері орасан, сондықтан оны шынайы ықыласпен қабылдау арқылы ғана түсінуге болады. Қаншама ғасырлар бойы жинақталған музыкалық қазына- ұшы-қиыры жоқ, аса мол мұра. Әлемдік музыка қорына әр халық, ұлт өзіне тән өрнекпен өлшеусіз үлес қосып келеді. Музыка мәдениетінің өткеніне ой жүгіртіп, әр алуан тарихи деректерге жүгінсек, халық өнерінің қоры шексіз де, музыкалық аспаптардың түрі көп болғаны анық. Өткен ғасырлар үніне құлақ түрсек, біздің ата – бабаларымыз тастан, ағаштан, өсімдіктен, малдың терісінен, сүйегінен, мүйізден, ішектен, қылдан т. б. алуан түрлі заттардан дыбыс шығаруға болатынын аңғарып, қарапайым музыкалық аспаптар жасап алды.
Домбра
Домбыра — қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Ол – қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма – күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады. Домбыра ежелде қазақтың тарихын баяндаған музыкалық аспаптардың бірі.
Қылқобыз
Қылқобыз – қазақ халқының ұлттық аспаптарының ішіндегі ең көне аспап. 9 – 10 ғасырларда өмір сүрген Қорқыт ата дәуірінен бері қылқобыздың сарыны үзілмей келеді. Қылқобыз – екі ішекті, ыспалы музыкалық аспап. Жалпы, ұлттық аспаптардың ішінде қобыз үнге бай, киелі, қасиетті деп танылады. Сонымен қатар, қанша ғасырлар қойнауынан жетсе де қобыздың бұрынғы түрі мен қазіргі түріндегі үні бір сарынды. Себебі, оның ішегі ықылым заманнан бері жылқының қылынан тартылып келді, ысқышы да. Оның қылқобыз аталуы да сондықтан. Қылқобыздың ішіндегі ең үлкен түрі – «нар қобыз». Қылқобызды халқымыз киелі аспап ретінде қастерлейді. Қазақ қобыздың үні шыққан жерге жын – шайтан жоламайды деп ырымдайды.
Сыбызғы
Сыбызғы – қазақтың үрмелі көне музыкалық аспабы. Қурайдан, ағаштан, кейде жезден де жасалады. Ұзындығы 600 – 650 см не 700 – 800см болады. 3 – 4 ойықты. Сыбызғы ойықтарынан демді жай немесе күшті шығару арқылы түрлі дыбыс әуендері туады. Сыбызғы негізінен бақташылар арасында кең тараған. Бұл аспаптың жетілдірілген түрі фольклорлық – этнографиялық ансамблдер мен оркестрлерде қолданылады.
Асатаяқ
Асатаяқ – тұтас ағаштан жасалған, оның басында темір теңгешелер, қоңыраулар ілінген, сілкіп ойнайтын аспап. Қоңыраулар күміс, алтын, қорғасын сияқты асыл тастардан жасалған. Қоңыраулар соғылғанда әдемі үн шығады.
Сазсырнай
Сазсырнай – үрлемелі аспап. Сазсырнай ысқырып ойналатын флейталар тобына жатады. Кейбір сазсырнайдың ысқырғыш тетігі болмайды. Оған қазақ халқының сазсырнайы мысал. Сазсырнайға ұқсас аспаптар көптеген халықтарда кездеседі. Атауы әр халықтың өз тілінде айтылатын аспаптың пішіні де әр түрлі. Оның пішінін шеберлер құсқа, балыққа, көп басты атқа, жұмыртқаға ұқсатып жасай берген. Сазсырнайдың дыбыс диапазоны терция, кейде октаваға шейін барады. 1971 жылы Отырарда жүргізілген қазба жұмыстарда саздан жасалған қаздың жұмыртқасындай музыкалық аспап табылған. Аспаптанушылардың зерттеуінен өткен бұл сазсырнай үш дыбыс шығарады. Олар екінші октаваның “ми – бемоль”, “фа”, “соль” ноталары.
Жетіген
Жетіген – (жеті ішекті) көп ішекті шертіп ойналатын музыкалық аспап. Жалпы тұрқы ұзынша, жәшік тәріздес, бетіне жұқа тақтайдан қақпақ жабылып, үн беретін ойықтары салынады. Жетіген аспабының жасалуы да, ойнау әдіс – тәсілі де өте күрделі. Ертеректе ел арасында сақталған көне жетігеннің ішегі аттың қылынан тағылып, тиектің орнына асықтар пайдаланылатын болған. Аспаптың құлақ күйі осы асықтарды әрлі – берлі жылжыту арқылы келтірілген. Ішек сандары жетеу болғандықтан, аспап жетіген аталған. Жетіген туралы аңыз. Ерте кезде ауылда бір қария тұрады. Оның жеті ұлы болыпты. Бір жылы қатты жұт болып, адамдар тамақсыз қалады, сөйтіп қарияның үйіне қайғы орнайды. Аштықтан үлкен ұлы Қания өлгеннен кейін қария кепкен ағаштың бөлігін алып, оған ішек салып, тиек қойып, «Қарағым» күйін орындайды, Төралым деген екінші ұлы өлгеннен кейін екінші ішек тартып, «Қанат сынар» деген күй шығарады, үшінші ұлы Жанкелдіге ол «Құмарым» күйін, төртінші ұлы Бекенге «От сөнер», бесінші ұлы Хауасқа «Бақыт көшті», Жұлзарға «Күн тұтылуы» атты күй шығарады. Ең кіші ұлы Қиястан айрылған қария жетінші ішекті тартып, «Жеті баламнан айрылып құса болдым» атты күй орындайды. Аспаптан қайғыға толы көп дыбысты ала отырып, орындаушы әртүрлі әуен арқылы өзінің балаларының бейнелерін көрсетеді. Бұл шығарылған әуендер одан әрі дамытылып, аспапты орындаудағы күй – пьеса түрінде бізге «Жетігеннің жетеуі» деген жалпы атпен жеткен. «Жетіген» деген атау екі сөзден тұрады: жеті және ән» – «жетіген» деген ұғымды береді.
Шаңқобыз
Шаңқобыз – қазақтың көне музыкалық аспабы. Ағаштан, темірден кейде күмістен жасалады. Ағаштан жасалған шаңқобызға жіп байланып, сол жіпті серпіп тарту арқылы ортасындағы тілше тербеліп, дыбыс шығарады. Ол ашалы сым темірден немесе күмістен жасалған. Белгілі бір музыкалық әуен шаңқобыз арасында бекітілген тілін саусақпен шалып тарту арқылы орындалады. Негізгі дыбысы тілдің мөлшеріне байланысты. Дыбыс көлемі бір октава шаңқобыз тартушы тіл қимылы арқылы да түрлі дыбыстар шығарып отырады. Кейде орындаушылар саусақтарына қоңырау іліп алып та ойнайды. 19 ғасырда музыкалық аспап ретінде көбіне әйелдер пайдаланды. Шаңқобызға арналған «Қыз зары», «Қыз ұзату», «Қыздың мұңы» әуендері мен «Шаңқобыздың толғауы» сияқты күйі де бар.
Дауылпаз
Дауылпаз қазақтың ұрып ой-налатын көне саз аспабы. Ертеректе бұл аспап соғыс құралы ретінде айбар беріп, қыр көрсету үшін қолданған. Бертін келе дауылпазды аңшылық пен құсбегілікке де пайдаланатын болған. Оның жасалу әдісі күрделі. Дауылпаздың шапаты – өзегі алынған сырты жұмыр бітеу ағаштан ойып жасалған. Беті әбден иленіп, кеңкей шыңылтыр терімен қапталады. Жайға байлап немесе мойынға, иыққа іліп алып жүруге арналған аспалы бауы мен ұрып ойнайтын шағын таяқшасы болады. Дауылпаздың шанағының сыртын мүйізбен, түрлі тастармен, ою-өрнекпен безендіріп, сәндел жасайды. Дауылпаз – дара аспап Шеті мен шегі, ұшы-қиыры пейіліндей кең қазағымның даласы тек мал мен егін шаруашылығы үшін ғана қолайлы болып қоймаған. Асқақ тауының бөктері мен сыңғыр күлкілі арудай мөлдір бұлақтарының етегінде әлемді мойындатар тамаша туындылар дүниеге келді. Оны да жасап шыққан – хат танымайтын, бірақ «өмір» мектебінің үздік оқушылары болған – қазақтар.
Жамбыл өңірінде еліміздің өнер әлемі бойынша танымал тұлғалар өте көп. Олар тек облысқа ғана емес, барша еліміздің мақтанышына да айналуда. Қазақ ән-күй өнеріндегі тұлғалар Балуан Шолақ, Ықылас Дүкенұлы, Кенен Әзірбаев, Илья Жақанов, Алтынбек Қоразбаев, Мэлс Өзбеков және тағы басқаларды айрықша атап айтуға болады. Бүгінде осы тұлғалардың ізің жалғап келе жатқан таланттар аз емес.