Қазақ ұлттық ойындары қазақ халқының өмірінде маңызды рөл атқарады. Олар көңіл – күйді көтеріп, күш – жігерді арттырып, ептілікті және шыдамдылықты дамытады. Көбінесе мұндай ойындар жарыстық сипатқа ие.
Тымақ ұру
Ойын жазық кең алаңда ойналады. Ойынға қатынасушылар екі жарым метрдей таяқты жерге қадайды да, оның басына тымақ, не малақайды іліп қояды. Ортаға бір ойыншы шығады. Оған таяқтың басында ілулі тұрған тымақты (не малақайды) көрсетеді де орамалмен көзін көрмейтіндей етіп мықтап байлайды. Сонан соң оны атқа мінгізіп, қолына қамшы ұстатады да, бірер айналдырып басына тымақ ілінген таяққа қаратып қоя береді. Көзі байланған салт атты қолындағы қамшысымен тымақты ұрып жерге түсіруі тиіс. Бірақ тымақ ілінген таяқтың биіктігі салт аттының қолының деңгейінен аспауы керек. Салт атты тек аяқпен жүруге тиіс. Әр салт аттының көзін байлайтын орамал өзгеріп отырады. Оны өзгертуге мүмкіндік болмаса, алдымен ақ қағаз жауып, сыртынан орамал байланады. Ойын кезектесіп жүргізіле береді. Тымақты ұрып түсіре алмағандар айып тартады. Олар айыптарына ән, тақпақ орындап, аяғы ойын – сауыққа айналады.
Алтыбақан
Алтыбақан — қазақтың ежелгі ұлттық ойыны. Тымық кеште, айлы түнде, ауыл сыртында ойналады. Алтыбақан құру үшін 6 бақан немесе 6 сырық, үш арқан керек. Бақандарды үш – үштен бір басын буып, аралығын үш – төрт метр етіп, мосы тәріздендіріп орнатады да жоғары жағы сырықпен жалғастырылады. Бақандардың жоғарғы ашаларына екеуі жоғарырақ, бірі төмен етіліп үш арқан тартылады. Жоғарғы екеуі отыруға немесе бел сүйеуге арналады, төменгі арқанға табан тіреледі. Қыз бен жігіт қарама – қарсы орналасып, бел арқанның екі жақтауынан бекем ұстап, үшінші адамның демеуімен тербетіледі. Тербелушілер қосылып ән бастайды да оған тамашалаушылар қосылып, думандатып әкетеді. Бел, табан арқандарының орнына соңғы кезде жеңіл тақтайлар қолданылып жүр. Алтыбақан ойыны ежелгі көшпелі елдің бәріне кең таралған. Отырықшы халықтарда ол әткеншек деп те аталады. Алтыбақаннан айырмасы ол тұрақты орнатылады және жалғыз адамға арналады. Алтыбақанның қажетті заттары – тез құрастырылып, жиналатын үй мүліктері. Ойын көпшілікке арналған. Жастарды әріптес таңдауға, ептілікке, тапқырлыққа, өнерлілікке бейімдейді.
Қыз қуу
Қыз қуу – өте көне ойындарының бірі. Ол республикамыздың халықтарының арасында кеңінен тараған ұлттық ат ойыны тобына жатады. Сонау ертеден келе жатқан спорт ойыны, ертеде «Қыз қашар», «Қыз қуалар» деп аталғаны болмаса, біздің заманымызға дейін оншама өзгеріссіз жеткенін атап өтуіміз керек. Бұл жарыс өзінің түрі жағынан біздің заманымыздан бұрын қандай болса, қазірде сол күйінде қалды. Сол заманғы тәртіп бойынша жарыс жігіт пен оның қалыңдығы арасында өткізілген. Егер жігіт жарыста жеңілсе, ол өзіне қойылатын талапты ақтай алмағаны үшін оның қызбен некелесуге құқы болмаған. Қыз қуу ойыны үшін жігіттер мен қыздар іріктеліп, жүйрік тұлпарларға мініп шығады. Қашықтығы 300, ал ені 30-40 метрлік тегіс, топырағы жұмсақ, ашық алаң таңдалып алынады. Жарыстың басталатын жері – алаңның бір маңдайында қатынасушылар орағытып өту үшін қарақшы қойылады. Бұған көбінесе қызыл жалау қолданылады. Жарыстың екі түрі болады. Жарыс жекелей өтеді. Егер жастар екі топқа бөлінсе, онда ойын ережесіне сәйкес, қыздар мен жігіттердің саны тең болуы керек. Ойын төрешісінің бірінші белгісі бойынша, қыз жігіттен 10 метрдей алда тұрып, шабысқа дайындалып тұрады. Келесі белгіде олардың екеуі де аттарының басын жіберіп, шаба жөнеледі. Жігіт қызды бұрылысқа дейін қуып жетіп, жең ұшына ілінген орамалды ілгері алып қашуы керек. Егер жігіт сол бетімен – қарақшыдан мәреге дейін қуғыншыға жеткізбесе, онда – жеңгені. Ал егер қыз қуып жетсе, жігіттің атын, әйтпесе өзін қамшының астына алады. Мұнда қыз жеңді деп есептеледі. Жарысқа қатысушыға бір-бірінің атын тоқтатуға, алаңнан сыртқа шығуға, қарақшыға жетпей мәреге оралуға рұқсат етілмейді.
Көкпар
Көкпар – ұлттық ат спорты ішіндегі Жамбыл өңірінде ең қатты дамыған ойындарының бірі. Ойын атауының шығу тегіне байланысты бірнеше нұсқалар бар: “көк бөрі” немесе “көк бөрте”. Тағы бір нұсқасында “көкпар” сөзіндегі “пар” бөлшегі паршалау, пәрелеу деген сөздерден шыққандығы айтылады. Дәстүрлі қазақ қоғамында Көкпарға жасқа толған серкенің семізі таңдалған. Семіз серке терісі жыртылмайды. Орташа салмағы 20 – 30кг-дай келеді. Басқа малдың терісі жыртылғыш болғандықтан Көкпарға тартпайды.
Көкпар – Орталық Азия халықтары арасында кең тараған ойын түрі. Ол қырғыз тілінде “көк бөрү”, “улак тартыш (тартуу) “, тәжік тілінде “бузкаши” деп аталады. Көкпар тарту сияқты ұлттық ат спорты ойындары басқа да Шығыс елдерінде де бар. Ауғанстанда кең тараған бузавиш ойыны Көкпарға өте ұқсас. Сондай-ақ, Аргентина халқының да Көкпарға ұқсас ат спорты ойыны болған. Көкпар жігіттердің күш – жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады. Сонымен қатар Көкпар – аттың қалай бапталып үйретілгенін, жүйріктігін де сынайтын спорт. Көкпар жаппай және дода тартыс болып екіге бөлінеді. Жаппай тартыста әркім Көкпарды өзі иелік етуге тырысады. Дода тартыста құрамы бірдей екі топ сынға түседі. Мұны кейде марта тарту деп те атайды.
Аударыспақ
Аударыспақ — спортшыдан үлкен ептілікті, күштілікті, төзімділік пен батылдықты талап ететін ұлттық спорттың бір түрі (екі салт атты бір-бірін аттан аударып алуға тырысады). Аударыспаққа тәртіп бойынша ат үстіндегі айқасты жақсы меңгерген, тиянақты дайындығы бар спортшылар ғана қатынаса алады. Ал дайындығы жеткіліксіз, тәжірибесі аз спортшылар үшін бұл өте қиын. Сондықтан қазіргі тәртіп бойынша сайысқа 18 жасқа толғандар ғана қатынастырылады. Сайысқа қатынасушылар үш салмақтық категорияға бөлінеді. Аударыспақ салмақтық категорияға бөлінеді. Аударыспаққа салмақтың категорияны енгізудің мақсаты — қатынасушыларға неғұрлым теңдік жағдай туғызу. Оны спорттың сайыстың бір түріне айналдыру үшін бір-біріне тең келетін салмақтық категорияны көбейту дүрыс. Бұл категорияға бөлу соңғы кезде қалыптасты. Ертеде кез келген тілек білдіруші өз еркімен қатынаса беретін болған. Амал қанша, спорттық жарыстарда сол үш категорияның өзі де көбіне әлі де сақтала бермейді. Спорттың бұл түрінің дамуымен бірге, сөз жоқ оның салмақтық категориясы да көбейе, кеңейе беретіні күмәнсіз. Ойында аты белді, жарамды, өзі мықты, атқа отырысы мығым, білікті жігіттер жеңіп шығады. Сайып келгенде, аударыспақта негізгі рольді ат пен ойыншы жігіттер атқарады. Оспадарлық, жұла қашу, салып қалу, қол қайыру сияқты айла-амалдарды қолдануға болмайды. Аударысу ат пен жігіттің үндескен қимыл-бірлестігіне сүйене отырып, күш-жігердің басымдығын көрсететін қалыпты, байсалды шеберлікке үласып жатуы шарт.
Аударыспақ – салт аттылардың бірін – бірі ер үстінен аударып алу сайысы. Бұл ойынға қайрат – күші мол, батыл да төзімді, шапшаң қимылдап, ат құлағында ойнай білетін жігіттер қатысады. Ежелгі заманнан келе жатқан бұл ойын жаугершілік кезінде найза ұстап, қылыш шабатын жауынгерге қажетті қасиеттерді қалыптастырған. Аударыспақ кәзіргі кезде де шопандар тойында, мерекелерде спорт ойынның бір түрі ретінде көрсетіліп жүр. Ережесі – Ойын аға төрешінің ысқырығымен басталады және тоқтатылады. Тартыс бес минутқа созылады. Егер осы уақыт ішінде олар бір-бірін жеңе алмаса ұпай санына қарап бәйге беріледі. Спортшы жарақаттанған немесе киімі қолайсыздық туғызған жағдайда ғана жекпе-жек әр спортшы үшін бес минутқа тоқтатылады. Егер бес минуттан асып кетсе немесе жалғастыра алмаса ол спортшыға жеңіліс жарияланады. Спортшы ойынды қайта-қайта тоқтата берсе оның тоқтатқан уақыты қосылып есептеледі, ол бес минуттан аспауы тиіс.
Бәйге мен аламан бәйге
Қазақ халқының ұлттық спорт ойынының бірден – бір көп тарағаны – бәйге мен аламан бәйге. Спорттың бұл түрінің өзгеше бір ерекшелігі сол – жарыс тек жазық жерлер мен ипподромдарда ғана өтіп қоймайды, спортшының өзі мен оның атына жоғары талап қойылатын ойлы-қырлы, жасанды, бөгесінді жерлерде де өткізіледі. Бір жағынан, бұлайша жарысты бұрын белгісіз, ойлы – қырлы жерлерде өткізу қазіргі заманғы ат спортының классикалық түріне жуықтайды. Бұл республиканың жергілікті халықтары арасында спорттың классикалық түрлерін кеңінен таратуға өзінің пайдасын тигізетіні сөзсіз. Әсіресе аламан бәйгенің спортшының тактикалың шеберлігін жетілдіруде маңызы орасан зор. Жарыста мықты да жылдам спортшылардың бәрі бірдей жеңе бермейді, мұнда кімде-кім жарысты жаттығу жағынан дұрыс құрып, жағдайды дұрыс бағалап, жарыстың барысында атының күшін тиімді пайдаланса ғана жеңіске ие болады.
Жарыстың үлкен шаруашылық, тәрбиелік мәні де бар. Олай болатын себебі – жарысқа қосатын атты таңдап алып, оны баптап бәйгеге жаратуға дейінгі ұзақ мерзімге бәйге атына мініп шабатын бала үнемі басы-қасында болып, бапкермен бірге еңбек етеді. Бапкер бәйгеге шабатын атты ғана баптап қоймайды, оған мініп шабатын баланы да қоса әзірлейді. Бала бәйге атына берілетін жем – шөп, судың мөлшеріне дейін біледі, оның терін алудың, аттың артықшылығы неде, қандай қабілеті бар және жарыс үстінде оны қалай пайдалану керектігін бәйге атына мінетін бала жарыс басталмастан әлдеқайда бұрын қанығып, біліп алады.
Бәйге осы күнге дейін өз маңызын жоймаған спорт түрі. Бұл күнде жарыс ұйымдастырғанда әр ауданның ерекшелігі есепке алынып, шабатын аралық белгіленеді. Атқа шабатын адамның жасы, салмағы бір-бірімен теңдес болып келеді. Бәйге аттарын белгілі жерге алып баратын адам ат айдаушы деп аталады. Ат айдайтын жерге жеткенде ат айдаушы оларды қатар тұрғызады да белгі береді. Жарыс басталады. Бәйге мен аламан бәйге табандылыққа, батылдыққа, тапқырлыққа үйрететін ұлттық спорттың бағалы түрі болып табылады. Қазақстанда бұл сияқты тамаша спортты кеңінен таратуға барлық жағынан мүмкіншілік мол, республикамызда мініскер аттарды өсіретін арнаулы жылқы заводтары бар.
Ақ сүйек
Ойын жаздың айсыз қараңғы түнінде ойналады. Ол үшін шөптесін кең алаң таңдалынып алынады. Ойын жүргізу үшін ірі қараның, жылқының, түйенің, кепкен жілік сүйегі керек. Ойынға қатынасушылар екі топқа бөлінеді. Әр топ өзіне бастық сайлап алады. Ойынды кім бірінші болып бастайтыны екі топ басшыларының жеребесі арңылы шешіледі. Әр топ өз көмбесін белгілейді. Екі топтың ойыншылары алаңға арқаларын беріп, сапқа тұрады. Бірінші болып ойын бастауға мүмкіншілік алған топтың бастығы сүйекті алыстата лақтырады. Екі топтың ойыншылары сүйекті іздеуге кетеді. Сүйекті кім бұрын тауып алса, сол көмбеге қарай жүгіреді. Қалғандары оны қуады. Қарсы жақтың ойыншысы жетіп сүйекті алатын болса, бар күшін салып, оны өз көмбесіне жеткізуге тырысады. Топтың басқа ойыншылары да көмекке келеді. Ойын жалғасып қайталанып ойналады. Ойын жастарды қараңғыда бағдарды, мөлшерді айыра білуге, тез, жылдам жүгіруге үйретеді.
Орамал тастау
Жастардың сүйіп ойнайтын ойындарының бірі — «Орамал тастау». Ол жазда, алаңда, көгалды шөптесін жерде ойналады. Ойнаушылардың саны көп болса, ойын соншалықты қызық болады. Ойнаушылар тең екі топқа бөлінеді де, арасы он адымдай екі сызықтың бойына қарама-қарсы қатарласа тұрады. Жүргізуші қолындағы орамалын бірінші топтың өз жағындағы шеткі ойыншыға береді. Ол өзінің қарсыласының біреуіне тастайды да: «қа» деп дауыстайды. Ол қағып «ғаз», дейді, болмаса «ла» дейді. Сонда «қағаз», «қала», т. б. сөздер шығады. Айтатын сөз екі буыннан ғана тұруы керек, мысалы «са» деп дауыстаса, «са-дақ», «са-қа», «са-бын»-, «са-қал», «са-рын» т. б. сияқты сөздер айтылуы керек. Орамалды қағып алған ойыншы сол бірінші буынның сөзі шығатындай етіп айтуы керек. Егер ол екі буынға арналған сөздің алғашқы буынын тез, дұрыс тауып айта алмаса, онда ортаға шығып, өнер көрсетеді. Енді орамалды қарсыластар тобына өзі лақтырады. Лақтырған кезде жаңағыдай сөздердің бірінші буынын айтуы керек. Жазаны жауап бере алмаған ойыншы да тартып, ортаға шығып өнер көрсетеді. Осылайша екі топтың ойыншылары орамалды бір-біріне лақтыра отырып ойынды жалғастыра береді. Бұл ойын жастардың ойын дамытып, ана тілін жетік білуге, тапқырлық қасиеттерге үйретеді.
Қазақтың ұлттық ойындары халықтың өнерімен тығыз байланысты, ең алдымен бұл халықтың дәстүрі мен мұрасы. Дәл осы жерде көптеген қабілетті және дарынды адамдар байқалып, ерекшеленген.